Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  113


Автор: Кәкімбек Салықов

Тағдырым, ғұмыр берме алаңсыз ғып...

Тағдырым, ғұмыр берме алаңсыз ғып,
Сөздің де дәмін ашар табам тұздық.
Әкемді ақ бесікте жұтсам-дағы,
Етпеймін ешқашан да саған құлдық.
Кен қазсам – тозған елге таптым азық,
Жыр жазсам – келем ата салтын жазып.
Төрт бөліп түн ұйқымды толғанамын,
Тебірентіп Абай қаққан алтын қазық.
Бастай бер жақсы күнге, өмір-арман,
Болмасын сенгенімнің көбі жалған.
Молайсын ортайғаным деп тілеймін
Тайғақ жол, тар кезеңде төгіп алған.
Қара су, тұнып жатқан сырға баймын,
Әр асу биігіне тың қараймын.
Аралдың айқасында атой салсам,
Төгілткен маңдай терін бұлдамаймын.
Беріпсің шексіз етіп маған мұңды,
Мұңымнан жыр желісін табам құнды.
Сүрінсем – ол өзімнің қателігім,
Артпаймын ешқашан да саған сынды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу