Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  251


Автор: Кәкімбек Салықов

ҚҰРБЫЛАРЫМ

Жайсаң жандар,
Жақсы қыз – құрбыларым,
Сендерменен таусылмас сыр құрағым.
Алдарыңда серілік қысып кетіп,
Бесті асаудай бас білмес бұрқырадым.
Көңіл жықпай, тілекті мақұлдадың,
Сұлусыңдар, мол тағы ақылдарың.
Құрбыларым – мәңгі қыз-қарындастар,
Сендерсіңдер суыспас жақындарым.
Жидек, шие қасымда жүріп терген,
Болашаққа балдырған үміт берген.
Ауылда өскен қыздар-ай, кереметсің,
Сыйластықты патша етер ғұрып берген.
Шаңғы тепкен сырғанап бір шоқыдан,
Мектептестер, ғажапсың, бірге оқыған.
Биші қызды жалғанда ұмыту жоқ,
Әнші қыз да аумайтын ақ тотыдан.
Ғашық болсақ,
Туған жер, қыршындарға,
Көрші қыздан асатын құсың бар ма?
Былтыр іздеп ауылға барып қайттық,
Әже болған әуенін бір тыңдарға.
Соқпау қиын осындай тылсымдарға,
Соқсаң жүрек тағы да тым сыздар ма?
Қандай ғана жігіттер бұйырыпты
Сырымбеттен бірге ұшқан мұңсыздарға?
Мәскеудегі қыздарға түңілмедім,
Жүрегіне біреу-ақ үңілгенім.
Отау құрған айтулы той боп тынды
Аққұба қыз соңынан жүгіргенім.
Құрбыларым – өмірдің сыйы маған,
Сендерді айтып сыр тұмар түйіп алам.
Күйеулерің көрсе де кездескенде,
Құмар қанып, оңдап бір сүйіп алам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу