Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  100


Автор: Кәкімбек Салықов

КОМПОЗИТОР ДОСТАРҒА

Жақсы дос сырын түсінем,
Шыңдаған заман сынағы.
Тілегі таза кісімен
Тілдескім келіп тұрады.
Сүймеймін сөз бен желбуаз,
Жадағай,
Жайдақ сарынды,
Іздедім әсем,
Сұлу саз
Оятар ойда жалынды.
Сенімді сақтар күдікпен,
Сөнбесін үміт шырағы.
Сөз білер асыл жігітпен
Сырласқым келіп тұрады.
Ән мен сөз жатық қабысқан,
Жарқ етсін жұлдыз жанғандай.
Алыстан аңсап табысқан
Арудан алғыс алғандай.
Жібермес жеңіл сайранға,
Сөнбесін шабыт шырағы.
Ақылды доспен майданға
Аттанғым келіп тұрады.
Майданым –
Өлең өресі,
Елеңдеп
Елім ұққандай.
Үзімтал әнге бөленші,
Үзімін жүрек жұтқандай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу