Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  80


Автор: Кәкімбек Салықов

ӨРНЕККЕ

Мақтан етіп атап жүрер жер-көкке,
Ағам, інім болды біздің Өрнекте.
Әр кездесу аңыз-дастан туғызған,
Ғажап еді-ау екеуі де көрмекке.
Ағам еді Тұрсынбайы Кәкімнің,
Бірі болды өзім көрген асылдың.
«Аңшының әнін» Үкілі Ыбырайша айтқанда,
Құпиясын қопарушы ек ғасырдың.
Бірге оқыдық, бірлік, достық орнайтын,
Маған тиген тала бала сорлайтын.
Шәкірт болды Молақметтей атама,
Хатшысы боп айтыстарда қолдайтын.
Інім еді кеше жүрген Есіләм,
Айбарлы ақын, тентек десе қосылам.
Алматыда Есілге тіл тигізбес
Мінезінен талай ақын шошыған.
Еңбек атты көрші жатыр ауылым,
Бірге өткіздік талай қызық тәуірін.
Аға сыйлар ерекше еді мінезі,
Мен сүйсіндім деп өзімнің бауырым.
Сәлемімді ал, асыл аймақ Өрнегім,
Дәм жазбады-ау, бұрын сені көрмедім.
Есләмнің жетпіс жылдық тойында
Бой көрсетіп, сағынышымды мөрледім.
Ұлықтады ол асыл атамекенді,
Туған жерге ер парызы өтелді.
Өрнек, оны жер бетіне әкелсең,
Есіләм сені Алатаудай көтерді.
Әңгімемді келе берсе тыңдағың,
Өзіңнен де күш беріп тұр тың бабың.
Атағыңды айғақтады, Өрнегім,
Тұрсынбай мен Есләмдай ұлдарың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу