Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  98


Автор: Кәкімбек Салықов

СӘКЕН ҮШІН АЛҒЫСЫМ

(Қайыргелді Әкімбековке)
Екі жыл өтті өмірден Сәкен озғалы,
Оқыс қаза сан жүректі қозғады.
Тарлан еді-ау, биік туған арманы,
Айғақ болған Айға қолын созғаны.
Ақанды айтсам, алдыма Сәкен келеді,
«Шырмауықты» сызылта шырқап береді.
Сырымбет жақта «Қараторғай» қалықтап,
Қыр басында Құлагер жүйткіп желеді.
Ақжолтай інім артушы еді мың сенім,
Ақтардық талай теңіздей шалқар тіл кенін.
Қуанушы едім көргенде әсем әндетіп,
Көкшетауда серілік құрып жүргенін.
Келетін іздеп Жезқазғанға, Мәскеуге,
Қайтпаған буы жазғанын оқып нәштеуге.
Нүкіске де қатынайтын сағынып,
Ауылдан шалғай мен жүргендей әскерде.
Қайыргелді, жазғаныңды оқыдым,
Сәкеншіл күшті қызуы жүрек отының.
Саралапсың сан қилы дарқан дарынын,
Жеңіл-желпі қаға салмай тоқымын.
Сезімің сергек айтар ойды бай қылған,
Қанағат таптым қарасам толқып қай қырдан.
Өкінішің де, өксігің де көлкіп тұр
Сағынып, аңсап, ел-жұртпен бірге қайғырған.
Жан толқытар інілік белгі арнапсың,
Кең мінездің әр тармағын аңдапсың.
Сыйлас өскен қимас көңіл толқынын
Барша қазақ жүрегімен жалғапсың.
Тірілермен ол жүргендей бір сапта,
Бұл тартуың –
Қымбат сабақ ұрпаққа.
Асқақ дарын есімін мәңгі сақтауға,
Сауалың жақсы салмаған тұмша бұлтаққа.
Ғибрат алған арттағы мұра хатынан,
Ойыңнан үзім орасан құрмет татынам.
Қайыргелді,
Нағыз досы екенсің,
Алғыс айтам Сәкен сері атынан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу