Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  100


Автор: Кәкімбек Салықов

АЙЫРТАУ

Айыртау дейміз...
Ойлансақ, ең дұрысы:
Бұл қос өркеш – қазақтың Эльбрусы.
Ен табиғат ғаламаты емес пе
Көш басында көк бурадай тұрысы.
Бұлттар сүйіп күлім қаққан бетінен,
Кейпі қызық буырқанбай бекіген.
Тау – көгілдір, орман – жасыл, су – күміс,
Көз тартады «Кіші Қоскөл» шетінен.
Ғашық жігіт жан тынысын жиі алып,
Тұр ма дерсің көргеніне қуанып.
Мен секілді көрші ауылдың қызымен
Кездескенде бір сүймеген ұялып.
Тау сұлуы елден ерен туғандай,
Мың қарайсың жүрек шері бір қанбай.
Күн батарда жарқырайды қос ғашық,
Айырылмастай құшақтасып тұрғандай.
Ақ қайыңнан сезім селі қаулайды,
Қыз-қарағай сыр шертеді тау жайлы.
Кейде егіз шың қимай қарап қоштасқан
Ақан сері – Ақтотыдан аумайды.
Арбағандай қиял-ғайып мол орман,
«Гәккулетер» көлде құстар оянған.
Айыртауым, саған жетер жер қайда
Сүттей таза сұлулыққа оранған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу