Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  93


Автор: Кәкімбек Салықов

АТАСАМ СӨЗДІҢ ИЕСІН

«Сөздіктерде әзір» деп
Бекерше іздеп жатасың.
Ойыңда жүрер қадірлеп,
Сыйласаң сөздің атасын.
Ну орман етіп жайқалтты
Абайым тілдің негізін.
Жалғастырды бай салтты,
Мұхтар сөз шалқар теңізін.
Жолықсам қауіп-қатерге,
Мағжанда жатыр керегім.
Махаббат жеңсе, Сәкенге
«Тау ішінде» еремін.
Сексен көлге қарауды
Сағынсам шабыт тұтанып,
«Оқжетпеске» жалауды
Іледі Сәбит Мұқанов.
«Бозінгенді» боздатсам,
Әбішті іздеп кетемін.
Аралдың назын қозғалтсам,
Әбдіжәмілге жетемін.
Сырбайдан сөздің төресін
Алғаным ерен сыйлы етті.
Өжет тіл өткір өресін
Қасым аға үйретті.
Сұрапылды дауылдан
Тік өтсем саспай бүгінде:
Рахымжан, Мәлік, Бауыржан
Сөйледі соғыс тілінде.
Жер-су,
Аңдар атауын
Ілияс ағам селдетті.
Ойлы сөз құтты қатарын
Мұзафар ағам өрлетті.
Суретшіл бастар өлеңге
Ақан сері қашанда.
Сөз алдым,
Сәулем, сенен де
Махаббат тілін ашарда.
Өз анам сөздің төркінін
Ақ сүтімен дарытты.
«Гәккушіл» күннің өр тілін
Үкілі бабам танытты.
Іздеумен ғой сөздің иесін,
Таптым ғой тетік тілден де.
Киесі мен жүйесін
Сөз жолығар білгенге.
Жүрекке шырақ жаққандай,
Жүйелі сөз сөнбейді.
Рабиға сөзгер айтқандай:
«Сөздердің өзі сөйлейді».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу