Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  100


Автор: Кәкімбек Салықов

ӨСИЕТІ АНАМНЫҢ

Айтқаны қызық анамның,
Әр сөзі – мәңгі өсиет.
– Қасиетті адамның
Досы боп өту – қасиет.
Аңдап бассаң сақ жүріп,
Аллаға жетер арызың.
Жақсылыққа – жақсылық, –
Деп еді, – ең зор парызың.
Сүрінсең өтер қарамай,
Жолама жалтақ борқаға.
Адал достан аямай,
Барыңды төгілт ортаға.
Дақ салма сыйлы көңілге,
Желікпе дұшпан желдесе.
Дым бітпейді өмірде,
Ашуды ақыл жеңбесе.
Жабылып қалған түндіктей,
Тоғандай көрме ойыңды.
Бәйгеге түсер жүйріктей
Жараулы сақта бойыңды.
Тұғырға сеніп жүрсең де,
Құзырға құлаш сермеп қой.
Біреуге ойнап-күлсең де,
Болмауды күлкі зерлеп қой.
Кездесер тайғақ жол талай,
Тайсалмай өрге бар, жаным.
Бер жағын ғана барламай,
Байқап қал таудың ар жағын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу