Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  106


Автор: Кәкімбек Салықов

СЕС БІЛДІРДІ НАР ҚАЗАҚ

(Фазыл Кәрібжановқа)
Жарылыстар – үнсіз жау құлақтанды,
Бастан кештік атомдық сынақтарды.
Өлген малдар Сарыарқа даласында,
Ракеталар қалдығы сұлап қалды.
Семейліктің жайламас күлкі реңін,
Жан біткенді, сұм атом, сілкіледің.
Фазыл аға, сол кезде сес білдіріп,
Күңіренген күн болып күркіредің.
Мешел туған көрдік қой сан туманы,
Сұмдық болды-ау сор таңдай татығаны.
Сол кеселден, жан аға, жан қиғаның
Құпия боп, халыққа айтылмады.
Сескендірсе Мәскеуді күшті лебің,
Қайраткерлік ісіңді білсін елім.
Ерте кеттің, шіркін-ай,
Біздер көрдік
Көп жұлдызды сұм заман түлкілерін.
Ашық жарылыс тоқтады нарлығыңмен,
Мәскеу төрі айқастың барлығымен.
Ұлтың үшін жүргенде от ішінде,
Сес білдіріп талайды таң қылып ең.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу