Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  94


Автор: Кәкімбек Салықов

ДОСҚА СЫР

Бермедің деп зор бақыт,
Аллаға жүк артпайық.
Бөтен сөзді тоқтатып,
Қолдағы барды сақтайық.
Бермесе тағдыр ақылды,
Өзгеге пәле жаппайық.
Жоймаймын десең атыңды,
Өзіңнен сынды бастайық.
Ағаңа күш бол шығынсыз,
Жүдетпе сепшіл жүрегін.
Ініңе жаз бол шыбынсыз,
Жайқалып өссін тірегің.
Балаңды тілдеп жекірме,
Ол саған қатты сенеді.
Бағаңды сыйлы кетірме,
Сені де әкең жебеді.
Сілтер жер келсе, сергі енді,
Сабырмен төрлет, жығылма.
Желпініп қал сен де енді,
Тасада бекер тығылма.
Ақылсыз қайрат – пәлекет,
Қайратсыз ақыл – тұл жетім.
Ел үшін етсең әрекет,
Ақталар парыз-міндетің.
Сөзіме етпе ерегес,
Өзім де зерлеп қараймын.
Қай қазақ оны елемес,
Айтқанын ұқтым Абайдың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу