Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  79


Автор: Кәкімбек Салықов

ҰЛТЖАНДЫЛЫҚ КӨКІРЕКТЕ ТҰТАНДЫ

Мұхит аға дейтін бізді «батырым»,
Директор ғой шығарса да батыл үн.
Көрші болып тап қасына барғанда,
Ерулік беріп, көрсетті зор шатырын.
– Әй, батырлар, бердіңдер ме ерулік? –
Деп сұрады көршілерден керім қып.
Дастархандас үндемеді жігіттер,
«Жоқ» деген сөз әкелердей өлім тік.
– Хаке, – деді, – директорлық жарлығым!
Жас та болсаң үлкен жолың бар бүгін.
Келіндерден үлкен кешірім сұраймын,
Боқта, – деді, – жігіттердің барлығын.
Жасқанушы болма, – деді, – тақсырым,
Өкпелеу де осындайда жақсы ырым.
Өзім бар ғой... түк қалдырмай сыбаймын
Бұзғандарды ата-баба дәстүрін.
...Күлкі келмей тұрса-дағы келістік,
Көршілер де деп жатты ғой «дұрыстық».
Үлкен аға ойнап қана айтса да,
Түбі терең дәстүр сырын ұғыстық.
Мырза халық негізінде кеншілер,
Табысы мол мықтылар ғой кең жүрер.
Содан кейін кезек-кезек шақырды
Қаптап жатқан маңайдағы көршілер.
Ұлтжандылық көкірекке тұтанды,
Дәстүр екен Құдай берер құт алды.
Осы күнде қосылғанда басымыз
Еске алып отырмыз Мұхаңды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу