Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  107


Автор: Кәкімбек Салықов

ОЛ ДА БІР АҚҚАН ЖҰЛДЫЗДАЙ

(Мұрат Айтхожинге)
Қырандай самғап өрледі,
Жасынан құштар білімге.
Ғұлама сырын мөрледі
Ағылшын, неміс тілінде.
Ұстаз боп қанша тер көкті,
Мәністі дәріс жолдады.
Ғылымда жылдам төрлетті,
Таласар теңдес болмады.
Басқандай тасқа таңбасы,
Ол еді-ау өжет, өр жалын.
Қаныштың сол ғой жалғасы,
Жалт қаратқан жер шарын.
Ғарышкерше ұмтылып,
Атағын жайды құрлыққа.
Ағындап жетті құлшынып
Лениндік сыйлыққа.
Киелі дарын кіршіксіз,
Үзбесе ажал тірлігін,
Алар еді-ау мүлтіксіз
Нобельдің де сыйлығын.
Әр мезет өтпей құр, тегін,
Артында өшпес із қалды.
Шіркін-ай, шаттық үлкенін
Сұм ажал бізден қызғанды.
Тағдырдан келер сынақ көп,
Кім айтар адал шешімін?
Евней де кетті, Мұрат жоқ,
Мұңайып қалды Есілім.
Күнде әрекет, күнде ой,
Қайтпады алған жолынан.
Ол да бір аққан жұлдыз ғой
Шоқанның кеткен соңынан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу