Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  86


Автор: Кәкімбек Салықов

БӨГЕНБАЙҒА ЕСКЕРТКІШ

Ұлан іс бастау алған Бас қаламыз,
Қуаныш құтты болсын, Астанамыз!
Ескерткіш Қанжығалы Бөгенбайға
Орнаттың, құттықтаймыз, шаттанамыз!
Атағы алты Алашқа дастан-аңыз,
Қасарса жер бермеген жатқа қарыс.
Атасы батырлардың қарт Бөгенбай –
Жасы да тоқсан бестен асқан абыз.
Айбынын өзгелерден асыра алған,
Батырдың зор әулетін жасыра алман.
Ересен күшті, ержүрек, өңкей қайсар,
Еркіндік таңын еткен асыл арман.
Еңсегей Ер Есімнің дәуірінен
Атасын барша қазақ тәуір білген.
Әлдеуін Түркістанға әмір болған,
Соққылап сансыз жауды сауыр белден.
Қазағым сүйді әкесі Ақшаны да,
Қолдады Әз Тәукедей тақтағы да.
«Ақ дауыл» деп атапты мысы құрып,
Қысылған сан айқаста қастары да.
Бөгенбай Ақшаұлы тартты атаға,
Бөленді аруақ қонған ақ батаға.
Ерлігі – Абылай ханға елшілігі,
Жер жармай атақ-даңқы жай жата ма?!
Бермеген жауға дауда ұпайды да,
Қазаққа құтты есімі құтайды ма?
Қуғындап қас дұшпанды, жоңғарларды,
Асырды Үрімшіден қытайды да.
Орнаса елге нешік ор замандар,
Осылар ұлттың рухын қолдағандар.
Көкшетау, Алатау мен Алтай, Атырау
Арасын сойылымен қорғағандар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу