Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  108


Автор: Кәкімбек Салықов

Өмір жолым – менің үлкен байлығым...

Өмір жолым – менің үлкен байлығым,
Көз ашқалы көкіректі жарды мұң.
Күлкім кейде көрінеді өзіме
Жыртығындай шапанының жарлының.
Жөні жоқ қой елден ерек шалқудың,
Әлегі артық ойлы мұңға балқудың.
Қам көңілді тазартуға тыңдаймын
Айдын көлде зарлы үнін аққудың.
Өңім салқын, қалың қасірет молынан,
Көкірек-теңіз толқын атар, толып ән.
Сондай кезде бар дертіме ем іздеп,
«Жезкиіктің» жанарына шомылам.
Тым ертерек түстім қайғы торына,
Әкені де ерте жұттым сорыма.
Қайран анам не көрмеді тірлікте,
Сол күндері қалам алдым қолыма.
Рахмет, Алла, ерте күннен баптадың,
Мұңнан шықпай, келді парыз ақтағым.
«Құлагерін» шырқай-шырқай Ақанның,
Қалың мұңын қайда жүрсем сақтадым.
Қаныш аға – менің байтақ әлемім,
Сәкен аға жаттап қалдым сәлемін.
Мағжан аға, мен өзіңнен үйрендім
Тойтаруды қалың қайғы әлегін.
Бақытты деп айтса біреу күлемін,
Тап он бес жыл Мәскеуде неге жүр едім?
Одақ құлап, елге есен жеттім-ау,
Сағыныштан жарылып кетпей жүрегім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу