Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  100


Автор: Кәкімбек Салықов

ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ ЖАРШЫСЫ

(Аманжол Қошановқа)
Құттықтап үш жиырма бес жасыңменен,
Аманжол,
Алдыңда тұр асыл белең.
Сен-дағы құр алақан келген жоқсың,
Сырың мол ескі, жаңа ғасырменен.
Бұл жалғыз болмаса да қолда барың,
Қуантты үр жаңа еңбек жолдағаның.
Ұлттық мүдде теңізі толқып жатыр,
Ол – Елбасы қарқынын қолдағаның.
Ой тоғытсаң заманның жүгін артып,
Бар сырымды айтайын бүгін сарқып:
Кей жаманның думанды дабылынан
Сенімен бірге шеккен мұңым артық.
Соғыс жылдар есімде мың құрағы,
Құлыншақ күнім қиядан шұрқырады.
Анам кешкен қасірет еске түссе,
Елестейді сұм тағдыр мың сынағы.
Сол замана келместей жол атқарар,
Еңбегің зор егделік толас табар.
Ұлттың мұңы қашанда көксегенің,
Бір ісің жоқ тасада қораш қалар.
Сараптасаң зер салып қай кезеңді,
Дөп басыпсың, қазағым, көздегенді.
Жеті өлшеп, бір кесер мінезің бар,
Бөгде-бөтен жолатпас сөз дегенді.
Ақ табақта жас соғым телшігіндей
Көрсе бізді Батыс пен көрші Күнгей,
Жем болмауды сен мықтап шегелепсің,
Жаның ашып, өзіңнің меншігіңдей.
Кітабыңды сүт жаңа мақтағаным –
Алаш рухын көксеген бай талабың.
Әлихан, Смағұл, Тұрарды жалғастырып,
Ой қозғаған үніңе шаттанамын.
Қалың ойдың қыртысы баптағаның,
«Заман сыры» деп өзім ат тағамын.
Өміріңе заңғайыр белгі болды
Егделікке желкендей сақтағаның.
Ортақ меншік қатардан қалғандығын
Ел түсініп,
Бағыт жөн алған бүгін.
Көл қорыған қызғыштай дұрыс айттың
Сыбайлас ұрлық сан ойран салғандығын.
Әлдекімше жасамай былқылдақ үн,
Жетістігің – шындыққа ұмтылғаның.
Экономика дегенде ұлттық мүдде
Қорғаны боп сүйсінтті ұмтылғаның.
Көбейтуші ем кейде мен күрсінуді,
Сабақ еттім ойыңа түсінуді.
Тура айтыпсың табысты қалта жұтпай,
Мемлекеттік қоржынға түсіруді.
Жаһандану заманы сақ қыраны,
Бұл еңбегің – өміріңнің ақ тұмары.
Ұлт мүддесін тап солай қорғай білсек,
Қазағымның жолына бақ тұнады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу