Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  69


Автор: Кәкімбек Салықов

ШАФЫҚ АҒАНЫҢ АЙТҚАНЫ

Ойымды осынау құпташы,
Үш жүзге бөлу – жұт басы.
Тірлікті қандай шексек те,
Бірлікте өмір тұтқасы.
Ордалы жаумен қағыспа,
Опасыз достан алыста.
Сүйеніп өт қашанда
Ар-ождан, бойда намысқа.
Есті адам сырттан сыйлайды,
Ақымақ жел сөз жинайды.
Өкпеге қиса ескі дос,
Өлімге сені қимайды.
Аспан, көк, биік ғарышта,
Жердегі қырғын жарыста,
Кез болсаң да қай дауға,
Бет жыртуға барыспа.
Жылы сөз асыл жетегі,
Өмірде септік етеді.
Қыршыңқы қылық өкінтер,
Түбіңе ақыр жетеді.
Айтарым осы безектеп,
Ақыл-ой тұрсын кезектеп.
Қасықтап жиған абырой
Төгілмесін шелектеп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу