Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  103


Автор: Кәкімбек Салықов

БІЛМЕЙДІ-АУ ДЕП ҚОРҚАМЫН...

Ел байлығын талатқан
Ішінде жүрміз ортаның.
Жалғыз ғой,
Шіркін, Жаратқан,
Көрмейді-ау деп қорқамын.
Қапылыс емес жаңылыс,
Қажеті сол ма адамның:
Сатылу, ұрлау, атылыс...
Бейнесі болды заманның.
Бір елді бір ел ойрандап,
Жазықсыз жатыр жайратып.
Қаруға сенген тайраңдап,
Есерді қойды-ау сайратып.
Қалауын бермей халыққа,
Ептілер еркін жайлайды.
Жеткендер ірі байлыққа
Ақшамен аяқ байлайды.
Әккі қу мың-мың асайды-ау
Асырып айла-тәсілін.
Адам түгіл, жасайды-ау
Алладан да жасырын.
Жаратқан сыйлап нұрлы күн,
Ойласа ғалам мол қамын,
Жер беті кейбір сұмдығын
Білмейді-ау деп қорқамын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу