Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  383


Автор: Кәкімбек Салықов

СӘЛЕМ БЕРДІК ШОҚАНҒА

Лүпілін жүрек түсінді,
Тосқандай алда мол мұра.
Сан көрме бірге ұсынды
Бабалар өскен Омбыда.
Ақ парыз алып келгендей
Ертісте құтты қалаға;
Сағынып сәлем бергендей
Бас идік Шоқан данаға.
Көкірек қайтсін нұрланбай,
Өрбіді көңіл дауылы.
Қасымда бірге тұрғандай
Мен өскен Шоқан ауылы.
Алдында тағзым еткенім,
Төкті ғой жастай нұрын көп.
Көрініп тұрды мектебім,
Елестеп көзге Сырымбет.
Көңілге шаттық толды да,
Толқытты бей-жай тұрғызбай.
Көкшеде туып, Омбыда
Жарқ еткен сөнбес жұлдыздай!
Жеңіске іздеп мың тетік,
Мыңменен жалғыз жарысқан.
Оқыған жерін түрлентіп,
Қасқайып отыр данышпан.
Бір көруді расында
Армандап жүрдім жете алмай.
Көп тұрдық мүсін қасында,
Омбыға тастап кете алмай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу