Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  89


Автор: Кәкімбек Салықов

ТІЛ ЖОРЫҒЫ

«Қазақ» деген байырғы атымызды
Содыр заман садақпен атып үзді.
Ақ патша да,
Бодандық құрсауы да
Ұмыттырмақ болды өз затымызды.
Терең толғап төркінін ел дертінің,
Абай ашты ажарын сөз көркінің.
Байтұрсынов тілімді шын түлетті,
Жайнатқандай құндызын қыз бөркінің.
Тіл күрмеліп кеңестің «жұмағында»,
Судай сіңді құрдымға құба құмда.
Сонда Ахаң бастады қорғау жолын
Ана тілін «ортақ тіл» құрамында.
«Рухани көсемі ұлтымыздың», –
Деп Әуезов құптады ғұрпын ізгі.
Тіл жорығын өзі де жасап өтті,
Сүйсіндіріп туған ел-жұртымызды.
Мағжан ақын ұрандап
Тұран барын,
Шәкәрімдер үзбеді Құран нәрін.
Жасап берді жас Қаныш ғылым тілін,
Есеп-қисап оқулық құралдарын.
Тілге Сәбит араша арнап өтті,
Тамсандырды Ғабит те барша көпті.
Жамбыл атам жаңбырдай нөсерлетсе,
Сырбай ағам сөз нәрін талша екті.
Көрнектілік Сәкендер қалыптады,
Өргек тілмен Қасымдар шарықтады.
«Маржан» терсе Мұзафар,
Сөз сарасын
Алтындауға Әбіш те жалықпады.
Егемендік алғанда елім менің,
Тіл тұғыры биік деп сеніп едім.
Орыс аздай, өзгеше қорыс келіп,
Тіл жорығы байқадық кемігенін.
Өндірісті сатумен маздаушылар,
Татулығы тіліммен аздау шығар.
Қазақтардың діңкесін қатырды ғой
Ағылшынша сөйлесіп «жалдаушылар».
Міне, содан үрейім еселенді,
Орыс аздай, шет тілдер кеселі енді.
Ахаң айтқан «Қазақтық қалып» қайда,
Сол «қалыпқа» салайық өсер елді.
Тазаланып шұбар тіл ала-құла,
Нұр байлансын жас ұрпақ талабына.
Ахаңдарша арпалыс жасамасақ,
Дым бітірмес әрекет шала-пұла.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу