Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  109


Автор: Кәкімбек Салықов

Бұлт сүйіп тұр Көкшетаудың төбесін...

Бұлт сүйіп тұр Көкшетаудың төбесін,
Бір қарап қал, қызық сурет көресің.
Еміп жатқан елестейді ақ бота
Ақша бұлттар арасында енесін.
Тірі құбылыс бұлт шөккен тау мұнары,
Ғаламатқа қанады адам құмары.
Буырқанды «Ақ бура» тау сілкініп,
Қол жеткізбей аспандағы сыңары.
Көшкен бұлттар кете барды желбіреп,
Қала берді көгілдір тау мөлдіреп.
Кербез Көкше көк шымылдық жамылды,
Анасымен қоштасқандай елжіреп.
Жалғастырып табиғат пен адамды,
Сан толғаныс тербетеді санаңды.
Ақ шудаға қарай бердім мен-дағы,
Бұлт ішінен көргендей өз анамды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу