Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  139


Автор: Кәкімбек Салықов

ҮКІЛІ ЫБЫРАЙ АУЫЛЫНДАҒЫ ТЕБІРЕНІС

Тіршілік, кей сырыңды біліп едім,
Ескермей еркелікпен жүріп едім.
Егделік етек-жеңді тарылтты ма,
Көп достар, естілмейді дүбірлерің.
Сағыныш айтылды ғой мың хатымда,
Сәт туды ауызекі тіл қатуға.
Алдында қос анамның бас иемін,
Осы ауыл қатар жатқан зиратында.
Қос анам жатыр Ыбырай туған жерде,
Қос әкем, бабам думан құрған жерде.
Балалық хан базары осында өтті,
Шыр етіп атажұртта туған менде.
Кең аспан Жалғызтаудың ық жағында,
Жер басқан жүрді дейсің кім бабында?
Ағайын көзі көрген бала күнде,
Мен кешкен үлесің бар мұң-зарымда.
Ауылдың көкейкесті жанашыры,
Қарттардың азаймасын қарасыны.
Достарым соғыс жылғы балалар ғой,
Жасынан жазылмаған жарасы ірі.
Тартса да нарық келіп балағынан,
Тұрыпты ауыл ептеп аяғынан.
Тек қана қос көшеде үйдің саны
Кембағыл, азайыпты баяғыдан.
Келгем жоқ ескі күйді құруға да,
Бармаймын бүгінгіні сынауға да.
Ауылды аздырмаңдар, азайтпаңдар,
Бар сырым сол ауылды сұрау ғана.
Ерекше, беу, ағайын, бай болыңдар,
Қара орман азаймасын жайлы орындар.
Тебіренем, тілегім сол,
Үкілі Ыбырай
Ардақты есіміне сай болыңдар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу