Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  144


Автор: Кәкімбек Салықов

ДАРАБОЗ ТУҒАН ЕР ҚАЗАҚ

(Жұмабек Тәшеновке)
Қазағымның тарихында сұр белең,
Тың игеру деген туды дүрбелең.
Сол жылдарда әйгі болды Тәшенов
«Тың өлкесін» Ресейге бермеген.
Құптамаған Хрущевтің ұранын,
Асыл тұлға кешті өмірдің сынағын.
Үкіметтің басшысы еді,
Қуғындап,
Шымкент етті төмендетіп тұрағын.
Жан болмады кейін әділ байқаған,
Ащы сырды енді ашық айта алам:
Хрущев құрып кетсе-дағы,
Шіркін-ай!
Кейінгілер көтермеді қайтадан.
Ресейден Қырымды алып қинаса,
Белгілі ғой алабүлік тынбаса.
Сол індетке ұрынар ек біз-дағы,
Тәшеновтей қазақта ұл тумаса.
Сыр бермесе кеңестік сұм сойылға,
Өз басы емес,
Ел тұрды оның ойында.
Бурабайда Жекебатыр секілді,
Ұйықтап жатыр Сырдария бойында.
Тарлан тарих ашса ақиқат есігін,
Сағыныпты асыл ұлы Есілін.
Елбасының бұл да дана шешімі,
Астананың көшесі алса есімін.
Осы дерсің тәуелсіздік жеңгенді,
Еңсесін бір көтерді ғой ел де енді.
Ол туған ел қай жерінде жатса да,
Барша қазақ жүрегінде жерленді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу