Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  135


Автор: Кәкімбек Салықов

КӨРГЕНДЕ ҚҰЛАГЕРДІҢ ЕСКЕРТКІШІН

Көкшеге Астанадан аққан жолдың
Басында бір ғаламат ашқан болдым.
Бейнесін Құлагердің көз шалғанда,
Замана әр мезетін шапшаң шолдым.
Шырылдап бұлт төсінде дара толғай,
Адамға зарын қосып «Қараторғай»,
Ақанның Құлагері мерт болғанда,
Қызыққа қалып еді-ау дала толмай!
Алты Алаш аңыз болған баласына,
Адамның ем таратар жарасына.
Құлагер дара шауып бара жатыр,
Оралып сүйген байтақ даласына.
Құбылыс алтын мұра арнасындай,
Жылқыда ерен жүйрік бар ма осындай?!
Сүйсіндім «Қазақ елі» мұнарасы
Самғаған Сарыарқада жалғасындай.
Шыдатпас жал-құйрығы көз түсірмей,
Кім қалар бұл ғажапты кең түсінбей?!
Барады жер мен көктің арасында,
Құлагер тәуелсіздік белгісіндей.
Асқақ ән, асыл жырдың аққан селі,
Қазақтың асып туған ақтангері.
Бір аунап түскен шығар мәңгі ұйқыдан
Жан досы Құлагердің Ақан сері.
Заулаған ерке Есілдің жағасында,
Қуанып құстай ұшқан қарасынға,
Көзіме Ілияс ағам елестеді
Көкше мен Жетісудың арасында.
Адалдық, зұлымдықты жеңді нұрым,
Меңдеген дертті басар келді күнім.
Құттықтап Сұлтан атты мүсіншіні,
Аталық ақ батамды бердім бүгін.
Көз салсақ баяғы өткен арыстарға,
Тартады тұла бойда намысты алға.
Шабысы Құлагердің шақырып тұр
Елімді талай озар жарыстарға.
Ел жаңа, жоқты іздеуге туды сай күн,
Тағы бір беріштенген бітті қайғың.
Құлагер ескерткіші ғажап екен,
Қуанып бар қазақты құттықтаймын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу