Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  97


Автор: Қасымхан Бегманов

Ой үстiнде жүрем ылғи мұңданып...

Ой үстiнде
жүрем ылғи мұңданып,
Оңашада жел сыбдырын тыңдадық.
Жырым мынау келе жатқан шыңдалып,
Өзiм мынау кетердейiн жынданып,
Үнсiз ғана жаныма кеп елеусiз,
Отыр жаным, жел сыбдырын тыңдалық.
Жел айтады
адамдардың арманын,
Талайлардың орта жолда қалғанын.
Мұхаңдардай сарқып айту арманым,
Тiршiлiкте жамандыққа бармадым.
Бiрге көрсек
деймiн жаным қалғанын,
Өлеңдерiм, жиған-терген бар малым.
Қара көз қыз, арманымсың, арманым,
Сен жанымда бола алсаң өмiрде,
Сөз еместей шалдар айтқан жалғаның,
Қазақ үшiн Асан болып адасып,
Айдалада қобыз болып сарнадым.
Қарасу мен Қарашықтың арасын,
Қайран өмiр, көктей өтiп барасың!
Күрестiм мен қарындастың қамы үшiн,
Ессiз сүйдiм қазағымның даласын.
Құлаққа iлмей дос,
дұшпанның жаласын,
Тiлсiз ұғып жанымның мұң-наласын,
Қашан келсем күлiп қарсы аласың.
Ешкiмменен таласым жоқ, таласым.
Ешкiмде де аласым жоқ, аласым.
Он сегiз мың жарық нұрдан жаралған,
Қайран өмiр, қайда асығып барасың?
Елеусiздеу өткен кеше Қасымды,
Ойлап кейде көзiм жасы шашылды.
Мына қазақ қабылдай ма кiм бiлсiн?
Қоңыраттар хан көтерген басымды!?
Салқын тартты кеше құшақ жайғандар,
Қасым көкем, пайғамбар ғой, пайғамбар!
Айтшы маған, қара көз қыз аяулы,
Менi сендей сүйе ала ма Наймандар?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу