Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  83


Автор: Қасымхан Бегманов

Өткiзе алмай қор ғып жүрген өмiрiн...

Өткiзе алмай
қор ғып жүрген өмiрiн,
Бiреулерге жiбiмейдi көңiлiм.
Бес-алты ауыз сөз қалсын деп соңымда,
Мұңаятын, түсiнеді менi кiм.
Бұрынғылар бiр күнi өтсе жылаған,
Аспан жақтан тек шапағат сұраған.
Мына жұрттың пиғылдарын ұға алмай,
Қалқаманда сандалып жүр бұл ағаң.
Тәуекел деп кеше дастан бастап ем,
Бүгiн мұңлы мазалады басқа өлең,
Алматы жақ абыр-сабыр нелiктен,
Жаутаңдайды аң-таң болып Қаскелең.
Әр уақытта бергендер аз,
алған көп,
Соның көбi,
ел есiнде қалған жоқ.
Кешегi өткен туған дала қарттары,
Неге айтты екен бұл өмiрдi жалған деп.
Бүгiнгiлер...
тiрлiк қамы,
бас қамы,
Асқақ-асқақ армандарды тастады.
Театрдың жәудiрейдi жанары,
Туған жердiң түнерiп тұр аспаны.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу