Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  95


Автор: Қасымхан Бегманов

О, Түркiстан, шапағат бер, cабыр бер...

О, Түркiстан,
шапағат бер,
cабыр бер,
Сары даладан бақыт iздеп сабылды ел.
Сағым басқан қырда жатқан елеусiз,
Менi мұңға батырады қабiрлер.
Қабiрлерiм,
өткен ғасыр,
өткен күн,
Тарихы ол кеше өмiрден өткеннiң.
Мен қайғысын болмысыммен сезiнем,
Иесiнiң сандықтағы шекпеннiң.
Қандай ойға бастамайды мына қыр,
Қабiрлерге бәйiт арна, дұға қыл.
Еркектерге жылау қылмыс болса да,
Айдалада ағыл-тегiл жыла бiр.
Бәйiт арна,
құрбандық шал,
дұға қыл,
Дұға қыл да, жүрегiңмен жыла бiр.
Қабiрлерге қамқор Ана секiлдi,
Аруағымды қымтап жатқан мына қыр.
О, Ата жұрт,
шапағат бер,
сабыр бер,
Сахарадан бақыт iздеп сабылды ел.
Сағым басқан қырда жатқан елеусiз,
Менi мұңға батырады қабiрлер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу