Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  95


Автор: Қасымхан Бегманов

ТУҒАН АУЫЛДА

Осы ауылдың бiр кезде өндiрi едiм,
Өткендi ойлап жан-жаққа телмiремiн.
Арманшыл ем, пәк едiм, алғаш рет,
Осы ауылда өлең боп мөлдiредiм.
Түрлi-түрлi басымнан көшiп көктем,
Адамдық тағдырымды шешiп кеткен.
Жанашырлар ертерек мәңгi ұйқыға,
Анау қырға қоштаспай көшiп кеткен.
Бар қайғысын сол мұңлы бөлiп қырдың,
Қасқа жолмен көшеңе келiп кiрдiм.
Жүз жылдық сағыныштың сазыменен,
Туған ауыл оралып келiп тұрмын.
Жапырағы желге ұшқан күз не дейдi,
Не ой салар мына өлең сiзге мейлi.
Елегiзiп әлдене күтетұғын,
Бұл ауылда менi ешкiм iздемейдi.
Тоғай мынау ойнаған баяғыда,
Анам қайта құшағын жаяды ма.
Жаутаң қағып топ бала қарай бердi-ау,
Бейтаныс жолаушыны аяды ма?
Алла бiлер қаншаға шабарымды,
Алдан қандай жақсылық табарымды.
Туған ауыл өзiңнен ұзап барам,
Жасаураған жасырып жанарымды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу