Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  83


Автор: Қасымхан Бегманов

МӘҢГІ СЕРІК МҰҢ-НАЛА

Қазақ,
қазақ дегенмен,
Сан қашырды-ау ұйқымды.
Құс ұшырып төбемнен,
Өзiмiздi жұбаттық,
...«Керуен көштi, ит үрдi».
Жалғыз шыққам елден мен,
Кеттi бәрi,
дос сатты.
Мұң-наламен шерленген,
Қара көзiм боталап,
Қу көкiрек бос қапты.
Анам бейбақ күрсiнген,
Жүрегiмде,
ойымда.
Туған жерден нұр сiңген,
Қажымайтын,
талмайтын,
Тылсым күш бар бойымда.
Мазалар бұл жай кейiн,
Сауын айтып, құт тосқан.
Қазағым-ай қайтейiн,
Жақсыларын сыйламай,
Арпылдатып ит қосқан.
Серкелерiм сұлтандай,
Пышақталып кетiптi-ау.
Жiгiттерiм ұлтандай,
Арба итеріп,
күл тасып,
Ұсақталып кетiптi-ау.
Ажал ма екен жаза аты,
Парықсызбен тiрестiм.
Ғұмыр бойы қазақы,
Сахараның киелi,
Рухы үшiн күрестiм.
Емексiтiп алдайтын,
Ғазиз өлең бiр ғана.
Көлеңкедей қалмайтын,
Елiмдi ойлап қажыған,
Мәңгi серiк мұң-нала.
Бұл пәниде жыр азық,
Алтын елiм,
өз елiм.
Рух iздеп құлазып,
Жел өтiнде жарығым,
Өртенiп тұр өзегiм.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу