Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  89


Автор: Ұлықбек Есдәулет

АҚЫН БАЛАНЫҢ ТАҢҒЫ ДҰҒАСЫ

Тәңірім,
Қамсыз болып балалық шақ,
Тек қана жақсылықтан хабар ұқсақ.
Тауынан Бесбармақтың
Аттаған күн
Үйіме кіріп келсе анама ұқсап.
Әжелер ашып тастап есіктерін,
Жүн иірсе шөкімдеп несіптерін.
Емізіп сәбилерін ана біткен,
Тербетсе қарлығаштар бесіктерін.
Тәңірім,
Қайтер еді, жас балаша,
Таспенен бұралқы итті жасқамаса.
Сабақты судай білсем,
Ал, ұстазым,
Дәрісті дүрелеумен бастамаса.
Тәңірім,
Қайтер еді сәл шамалы,
Адамның арман болса аңсағаны,
Ататүрік қабағын түйе бермей,
Сәл жымиса суреттен болса дағы.
Қасіреттің ұмытса Отан бәрін,
Шалқытып бір шырқаса шопандарым,
Лақ билеп, қозылар сырнай тартып,
Ойнақтаса осылай отар қалың.
Есек пен ат есінен танып күлсе,
Қырда сиыр, теңізде балық күлсе.
Енесін емген қодық ерінінен,
Қарқылдаған күлкісі тамып күлсе.
Лала гүлдер ашылса баудан бауға,
Көбелектер шашылса таудан тауға.
Сағат санап шақырған тауық
Алдан
Қақпаны ашса болар-ау таңданбауға.
Көңілдене гуілдеп көгершіндер,
Инеліктің ұшқанын көрерсіңдер.
Сауысқандар саңқылдап өлең айтса,
Қол соғуға жиналып келерсіңдер.
Тәңірім,
Тілегім сол — өрт шықпаса,
Үзілмес үміт бізді қолтықтаса.
Туннельден шыға келген пойызбенен
Інінен шыққан жылан қорқытпаса.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу