Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  116


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ЖҰМБАҚ ХАЛ

Көп күнім күйбеңменен өлді менің,
Бұлт шалды таңғы аспандай зеңгір едім.
Қорқамын тұна алмастай кетем бе деп,
Қаншама келгенімен мөлдірегім.
Өлеңнің өлер болдым өртінен мен,
Шіркін-ай, мынау халден серпілер ме ем.
Түн түсе ішім түтін күй кешердей
Басыма қай бақсының дерті келген?
Сыр бермей сызданғанмен бір қарарға,
Жақындап жүрген жай бар жынданарға.
Бойымды буып болған тақсыр-сезім
Білмеймін құртар ма, әлде, құлданар ма?
Шаппай бер шандоздық бар ту ұстаған,
Шөкімдей несібесін уыстаған,
Пайдасыз пақыр пенде болдым ба деп
Қарадай қай бір күні қуыстанам.
Шалықтап өң мен түстің арасында,
Шошынып малшынамын қара суға,
Шалғайда шаңға көміп жаным мені,
Шығандап шыққандайын дара шыңға...
Бойымды буып жүрген «жыным» ба бұл,
Әлде, арқам қозғандағы жырым ба бір.
Жүрегім, өзің шешші жұмбағыңды,
Жалғанда жамандыққа бұрылмағыр




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу