Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  209


Автор: Ұлықбек Есдәулет

3аңғар, заңғар Зайсанның тауларына...

3аңғар, заңғар Зайсанның тауларына,
жауды ма екен бұл жауын,
жаумады ма,
қызғалдағы қыр қуып қаулады ма,
қыза шығып самалдың саумалына?
Қыз біткенге қызғалдақ үлестіріп,
Жеменейдің жатқанда үні естіліп,
зеңгір-зеңгір Зайсанның шыңдарына
кетсем бе екен мен сені ілестіріп?
Кербез таудың керіліп ақ маралы,
көкейімде өзіңдей сақталады,
көп бояуға көзіңді тұндырар ең
айыра алмай жүргенде ақ-қараны.
Ұлар құстың ұясын көріп келіп,
бұлақтардың бұрымын өріп беріп,
тастан тасқа еркелеп секірер ең
елеңдеген елікке серік болып.
Жауған қарды көргенде тәңір шыңға,
пайғамбардай қарарсың самырсынға,
такаппарлық төнгенде тұс-тұсыңнан
өр мінезді мендегі танырсың да,
шатқалдағы мөп-мөлдір шар айнадан,
өз жүзіңді көргенде арайлаған,
бүлдіргенге боялған ерініңді
тосқаныңды білмессің қалай маған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу