Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  101


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ҚАРЫНДАСЫМ ҚАЙДА, ҚАРА ЕРТІС?

Қанатым қабат қайрылып,
Қасірет-қайғы төнер тұс,
Қапыда қалдым айрылып,
Қарындасым қайда, Қара Ертіс?
Балапандарын шайқаған
Қайрылып ұшып келер құс.
Келер ме бірақ қайтадан,
Қарындасым менің, Қара Ертіс?
Түсіме ол ылғи кіретін,
Анамыз да әлі көрер түс.
Жағаңда сенің жүретін,
Қарындасым қайда, Қара Ертіс?
Толқынға кетті-ау айналып,
Түскенде басқа нелер күш,
Келесің кімге қайғы алып,
Қарындасым қайда, Қара Ертіс?
Жылдарға немді айтармын,
Жаз да өтіп, әлі келер қыс...
Жанын ап, тәнін қайтардың,
Қаршадай қыздың, Қара Ертіс.
Қай тұсқа барып тоқталдың,
Кеудеден ұшқан өлең-құс?
Қарындасымды енді жоқтармын,
Өзіңді көрсем, Қара Ертіс?
Соңында қалды үш бұтақ,
Сол ғана бойға берер күш,
Өтті ғой өң мен түс құсап,
Қарындасым менің, Қара Ертіс?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу