Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  165


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ҚАСҚЫРДЫ ҚОРҒАУ

Көп жайлаған
Көкжалдай тау етегін,
Көк сеңгірді
Көксеймін, тәу етемін.
Қас қылмайды қасқыр да жолдасына,
Қаскөйлікке жете ме тәуекелің?
Жамандықтан жақсылық дәнін іздеп,
Жұртта қалдық,
Жортатын халіміз жоқ.
Жалбарынған жарыққа жақсы үмітім
Отыр әлі оң жақта кәрі қыз боп.
— Білемісің бөрінің жау екенін? —
Дейді маған
Бір білгіш нәуетегім...
Қасқырлығын адамның көре тұра,
Адамшылық қасқырдан дәметемін.
Талай-талай таланып қара басқам...
Жақын тартқам бәрібір қарамастан.
Жасуындай иненің жақсылыққа
Құмар қылған құдай-ай бала жастан?!.
Десе десін қасқырды қорғау — бекер,
Адам аңға айналса — аңнан бетер!
Көкбөріден бөлтірік туған емес
Көкжалдығын көрсетпей арманда өтер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу