Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  66


Автор: Ұлықбек Есдәулет

БОСАҒА

Жоқ,
бұл кілем сатылмайды,
сатылмайды,
оқырман,
жұтқан кезде ақын қайғы,
көз жасынан тоқылған.
Тағдыр
менің сезімімді
ақ сабаумен сабаған,
жүндей түтіп төзімімді
қылшықтаған сан адам.
Қан шұбырған тамырымнан
шуда есіп көп білек,
санам менен
сабырымнан
киіз басқан тепкілеп!
Жүйкемнің бар талшықтарын,
суыртпақтап суырып,
ашудасқа малшып бәрін,
арқау еткен иіріп.
Кемпірқосақ — түрлі реңде,
көзді жаулап құбылар,
көре білсең бұл кілемде
жүрегімнің түгі бар.
Әр өрмегі
сезімменен,
сағынышыммен боялған,
бұл кілемді
көзім дер ем,
көрмеге оны қоя алман!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу