Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  101


Автор: Жангелді Немеребай

ДОСТАРДЫ АҢСАУ

Қалтырмас қиналғанда құса-мұңға,
Дем берер биікке де ұшарыңда.
Ей, достар, қайдасыңдар бірге өскен,
Бір көше, бір ауылдың құшағында.
Сол күндер уақытпенен сырғып ақтың,
Жүруші ек алмасын жеп нұрлы бақтың.
Шомылып достарменен өзенге де,
Суын да бірге ішіп бір бұлақтың.
Есімде тайға мініп жарысқаным,
Ең алғаш қыздарменен танысқаным.
Оралмас бозбала күн артта қалды,
Беу балалық, біздерден алыстадың.
Ең алғаш ғашық болған сәттер қызық,
(Бүгін де қолымызда таққан жүзік).
Жүруші ек бір жауабын күтуменен,
Біреуден махаббатқа хат бергізіп.
Жүгіртсем ойларымды шартарапқа,
Көңілдің сағынышы тарқамақ па?
Уақыттың ағыны ғой түсінемін,
Кетсеңдер, ей, достарым, әр тарапқа.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу