Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  83


Автор: Жангелді Немеребай

Анажан, өмірімнің желкені едің...

Анажан, өмірімнің желкені едің,
Сен жоқсың. Енді кімге еркеледім.
Бүгінгі қызығымды көрсетпеген,
Ой, өмір-ай, неғылған келтелі едің?
Шынында өмір неткен келтелі едің,
Анамды асықтырдың,ентеледің.
Балалықты бір күнде артқа тастап,
Жас күнімді есейттің ерте менің.
Есейгені не керек ес білемін,
Қайғы-мұң жүрегімді кесті менің.
Жүргенде алдан күтіп бақыт таңын,
Кім білген қаралы бір кеш кірерін.
Атыңнан айналайын киелі есім,
Киелі есім түсіме жиі енесің.
Тірлікте асқақтаған әуенім ең,
Естілмей кеткен бүгін күй-елесім.
Жақпай жүр ме әлде бір жат қылығым,
(Ерсілеу естілді ме шаттық үнім).
Әйтеуір түсімде ылғи мұңаясың,
Өрулі келбетіңде ақ бұрымың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу