Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  327


Автор: Жангелді Немеребай

БІР ЖОЛДАСТЫҢ МОНОЛОГЫ

Өкініш күй отырмын шерте бүгін,
Қателікке соқтырып еркелігім.
Кешір мені анашым,білместікпен,
Ойнап жүріп от басты тентек ұлың.
Тәңір мені әлі де талай сынар,
Жазылғаны маңдайға солай шығар.
Темір тордан телмірген күні құрсын,
Мұнда менің қу жаным қалай шыдар.
Өтке күндер қайтейін шуақты еді,
Сол шақтардың елесі жұбат мені.
Ал,бұл жақтың жазы да қырау басқан,
Қатал тағдыр жатыр-ау сынап тегі.
Бұл жақтарда кеш батып,таң атпайды,
Шыдам кетіп,жанымнан тағат тайды.
Уақыт шікін өтпейді дегеніңмен,
Өмірдастан беттерін парақтайды.
Мені достар сөкпеңдер налыдың деп,
Қуатым бар әлі де жалыным көп.
Тар қапаста мезгілім өткені рас,
Өміріме алайда арызым жоқ.
Жүрмеген соң қайталап Құранды ұдай,
(Түлкі –тірлік,арбаған құмарлық-ай.)
Түзелуге байладым белді бекем,
Шалыс басып жүрмеуге бұдан былай.
Жақсылықты көп жаса бауырларым,
Шуақтан соң ұмытпа дауыл барын.
Қамшы сапты ғұмырда мейірленіп,
Жанымыздың жазайық ауырғанын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу