Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  91


Автор: Мәди Қайыңбаев

СКЕЛЕТ

Біздің ауыл шөл еді аптабы ұрған,
Аптабы ұрса адамды баптап ұрған.
Аяқ алып жүру де оңай емес
Аңқаң кеуіп... сусыма ақпа құмнан,
Табаннан да, төбеңнен от табылған...
Балалығым есімде анық қалды...
Бастан талай өткіздік «жорықтарды».
«Жорықтарда» қызыққа жолыққам-ды,
Түсіп бір күн жолымыз бір топ бала
Құмнан шыққан қу басты көріп қалдық.
Ашық қалған құм көшіп қу бас екен,
Қурап жатқан адамның сұлбасы екен.
Сұлбасынан шошынып секемдендік,
Жүрегіңе салады бұл да секем...
Таңқы танау,
Күн жеген шот маңдайын,
Шоң жіліктер шашылған шоқпардайын!
Үңірейген көздері...
О дүниеден
Жаңа оралып жатқан бір сотқардайын!
Басқа шауып қорқыныш, бойымды алған,
Баяғыда-ақ ойналмай ойын қалған.
Жайлап кейін серпілдік скелеттен
Барлық бала... қашуға дайындалған.
Былай шыға... жүгірдік жанұшыра,
Аулымыздың қарамай алысына!
Өкпе де өшіп... түгелдей қосылғанбыз
Қуалаған қорқыныш жарысына.
Бала емес ем үрейге төзіп көрген,
Бойым алыс жүретін сезіктерден...
Бірақ сол күн қорқыныш жарысында
Жұрттан бұрын ауылға озып келгем!
...Сан су ақты.
Өлімнен жасқанды кім,
Қорқынышсыз міне енді басталды күн,
Басқаша енді тау, дала, аспан бүгін.
Тек... білмеппіз сол кезде
Скелеттен
Скелеттің тыртаңдап қашқандығын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу