Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  78


Автор: Мәди Қайыңбаев

ҚАРТТЫҚ

Еһ, көктем!
Көктем, көктем, көктем, көктем,
Ойыңа оралады-ау өткен-кеткен!
Сен сондай жаңа ма едің, жарқын көктем,
Сен сондай əдемі ме ең, көкпеңбек пе ең?!
Болғанмен сен көкпеңбек, мен ескірдім,
Ескірдім... қабырғаммен кеңес құрдым.
Елестей бұлдыр-бұлдыр – өткен өмір,
Өшеді өлімсіреп елес бір күн...
Сол кезде жоғалады жасыл əлем,
Əрі мен əсемдігін қашырады өң.
Сықсиып аула алдынан нұрсыз жанар,
Нұрынан «қарттық-ай!» деп басылар ел.
Сарғайып шаңға оранған раушан гүл,
Кеудеңді тырналайды-ау құр аңсар бір...
Шарбаққа өрмелеген шырмауықтар,
Демейді қолтығыңнан – тұра алсаң, тұр!
Ал, қартым, тұра алсаң, тұр – бітті бəрі,
Албырт шақ, уыз күлкі, құттың əні.
Сені енді тындамайды бұл фəниде,
Сен десе тек ана жақ ... тік тұрады.
Ана жақ.... зеңгір аспан, ашық аспан
Құшағын жаяр жаны ашымастан.
Не бітті, не үлгермедің – оған мейлі,
Жетектеп кетер алып жасымастан.
Жалп етер «жетілік шам», енді өкінбе,
Қауызын раушан гүл тербетуде.
...Сен заулап баратқанда зеңгір көкте,
Шат күліп біз жүрерміз жер бетінде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу