Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  95


Автор: Мәди Қайыңбаев

1991 ЖЫЛҒЫ 23 ИЮНЬНЕН БАСТАП МЕН ТОЙЛАҒАН АЛТЫН ТОЙ НЕМЕСЕ ӨМІР

Таң нұры аппақ шапқылаған еркелеп,
Біздің мынау бейбіт туған өлкеде,
Мен сол күнді сергектікпен ғажайып,
Оянамын бұлбұлдан да ертерек.
Бастармын той,
Ерте күнді кеш қылмай!
Кеш, ағайын, артық кетсем, кеш құрбым! –
Бұл Алтын той созылады мен үшін,
Бес күнге ме,
Бəлкім, əлде, бес жылға!
Жалғыз-ақ.... не...
Болар, бəлкім, досым да!
Кең далада ақ бұлақтың басында,
Тойлармын-ау, ойлармын-ау оңаша,
Шаттығымнан болып мұңым басымдау...
Өз өмірім қуаныштан тұрса да,
Өзгелердің өкінішін мұң санап.
Тойлармын-ау,
Тартармын-ау күйініп
Буынды алар балшараптан біршама!
Тыныштықтан төбе-құйқам шымырлап,
Өз-өзіме дірілді үнмен сыбырлап,
Тостаған көз аруларды еске алып,
Өлең оқып отырармын ыңылдап...
Тағдырға арызымды айтармын,
Арызымның өтпейтінін байқармын...
Байқармын да... күн батқанда қып-қызыл,
Тəлтіректеп тойдан үйге қайтармын.
Өзегіме өзге өкініш құяды от,
Мен көрмеген, мен баспаған қия жоқ!
Болар сол күн біздің оттың басында,
Дəл мынадай диалог:
– Кімнің Алтын тойын балам тойладың? –
Дер-ау анам «болмысымнан айналып».
– Кімнің Алтын тойын мұнша тойладың? –
Дер-ау жарым кейпін бұзып жайдары...
– Кімнің Алтын тойын, інім, тойладың? –
Дер-ау ағам шашып маған айбарын...
...Көңіліме сонда алапат қайғы алып:
– Ғашықтардың, – дермін мұңды ойланып, –
1941 жылы үйленіп,
Үлгірмеген жасауға өз тойларын!
Еһ, шаттық пен қасіреттің майданы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу