Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  103


Автор: Мәди Қайыңбаев

ҚЫШ КІТАПТАР

Білім десе шабытты бір күйге еніп,
Кітаптардан тарихты оқып, үйреніп,
Жүрміз біздер...
Сол кітаптар ертеде,
Жасалыпты саз балшықтан иленіп.
Əрбіреуі жыр дастаннан тұрыпты,
Үңілгендер ұлағанғайыр сыр ұқты.
Ашшурбанипал əмірші,
Осындай
Қызыл қыштан кітапхана құрыпты!
Қылышынан қаны тамған...
Дегенмен
Болды патша өнер десе өлермен,
Өзі жайлы мағлұматты өлеңмен
Жаздырыпты біреуіне ойдырып.
...Көркеуденің қарсы айрылсын талағы, –
Кітап деген – күштілердің жарағы!
Жақсылық пен мəңгіліктің одағы –
Сол патшаның кітабының жинаған,
Жетті бізге 22 мың «парағы».
Сыр айтады сына тақта қаттаулы,
Өтіріктен оның қашық жатты аулы.
Шумерлік сол кестелерің бүгінде
Эрмитажда сақтаулы.
О... жырларым!
Аттанасың дəм тартса
Болашаққа,
Оқырманды таңғалтсаң!
Ашшурбанипалдай ұлы жандарға,
Тау жығардай екпініңді аңғартсан!
Жырды сүйер патшалардың даңқы артсын!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу