Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  75


Автор: Мәди Қайыңбаев

БАҚЫТ АЙЫ

Сол бір жылдың сол айы əлі есімде....
Қулық, сұмдық, соғыс өрті өшілген,
Дос пенен қас бірін-бірі кешірген.
Ел мен елдің мəселесі тек қана
Ақылменен... келісіммен шешілген.
Бейбітшілік дұрыс жолға қойылып,
Жасалынған қару-жарақ жойылып,
Жанталаса қарулану тоқталып,
Барлық адам өмір кешкен тойынып,
Сол бір жылдың сол айы əлі есімде...
Өмір кештік білімменен құрсанып,
Ашық күнге қарап қолмен күн салып...
Қару үшін бөлінетін қаражат,
Ахуалды көтеруге жұмсалып!
Батыр болса, тек Еңбектің батыры,
Биік болды қоғамдық ой-ақылың.
Бейбітшілік үшін ғана жұмсалды
Ең қуатты нейтрон мен атомың.
Сақ-сақ күліп заулап жатты күндерім,
Бақыт əні əрбір жүрек, тілде жүр!
Дəл сол айда жер шарындағы елдерде,
Төбелес те болған емес бірде-бір!
«Бейбітшілік болсын дəйім айбарлы»
Əрбір адам дəл осындай болды ойлы.
Мен де бүкіл жер шарының атынан,
Халықаралық келіссөзге қол қойдым.
Жетістіктер туып жатты жаңадан,
Кең жайлауың молдау болып қанадан,
Халық саны реттеліп ақылмен,
Емін-еркін өмір кешті бар адам!
Сол бір жылдың сол айы əлі есімде.
Зар-жоқтауды ұмытты да құлақтар,
Көкіректер шомылды нұр-шуаққа!
Той-думанның шалқыды үні шаттықпен,
Бар əлемде... жақын менен жырақта!
...Он үшінші АЙ еді ол бірақта!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу