Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  100


Автор: Мәди Қайыңбаев

СОТ

Шарль Бодлердiң аруағына
Қайран өлең,
Қашан тыныш жатқан ең,
Талай рет бауыздадың мақтамен.
Қорғап сенi Кенисберг төрiнде,
Сөз сөйлеймiн Париждегi сотта мен!
Мен көтерем сен салатын салмақты,
Қан да қатты, жүрегiмде зар жатты.
Əр түрменiң есiгiнен бiр қарап,
Бұзақы ұлдың əкесiндей зар қақтым.
Тағы, мiне…
Жалын атып күрсiнсең,
Күреңiтiп қоңыр жүзiң нұр сiңген,
Қарсы алдымда қылмыскер боп сорайып,
Бодлердiң өлеңi боп тұрсың сен.
Эрнест Пинар үнi залда жаңғырып,
Тоңмойындар елiн бүкiл таң қылып,
Үкiмiмен соттап жатыр сендердi,
Абақтыға қамалсын деп мəңгiлiк.
Болашаққа осы дауыс болар сын,
Жауыздық та келешекке жол алсын.
– «Зұлымдықтың гүлдерiнен» алты өлең
Абақтыға мəңгiлiкке қамалсын!
Жұрт ду еттi.
Дiр еткенмiн сонда мен,
Меңдуана жеген малдай болған ем.
Бүлдiрмесе жүре алмайтын жыр үшiн
Бодлермен мен де бiрге сорлап ем.
Еһ, гүл өлең, дегем сонда, гүл үнiм,
Түрмеде ендi шiридi ме ғұмырың.
Үкiметке қарсы шыққан не теңiң,
Қорғап алар табылмаса бiр ұлың.
Шындықты айтқан – айта алмаған мың дарын,
Ай астында шырқап биiк мұнды əнiн,
Қиылып та кеттi-ау талай өлеңiм,
Атылып та кеттi-ау талай жырларым.
Қашып-пысып, күнде айқай мен күнде мұң,
Жайлап төрiн талай-талай түрменiң,
Бет-ауызың тыртық-тыртық пышақтан,
Еһ, жырларым, қаңғып қайда жүрмедiң?!
Көкпеңбек қып жазып-сызып дененi,
Еркiндiк пен шарап болып керегiң,
Бодлердiң өлеңiне қосылсаң,
Берекесiз болайын бұл дегенiң,
Еһ, өлеңiм!
Жалынсам да алынбайсың қамал боп,
– Қой бəрiн де, жүрегiңде жараң көп,-
Десем-дағы тыңдамайсың, қайтейiн,
Өз қолымды кесе алмаймын,
Амал жоқ!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу