Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  81


Автор: Мәди Қайыңбаев

ЖЕҢIС ТОЙЫНДА

Сабыр, сабыр… өткенiмдi
Ұмытармын мен қалай?
Қар бораған көктемiмдi
Жылытармын мен қалай?!
Ғасырлардың қатпарынан
Жеткен зорға жеңiстi
Гүлге бөлеп, баптап ұлан
Бiр тойлауға келiстi.
Ал, ендеше той ғой бүгiн,
Шарап қайда, құйыңдар!
Бастасын бiр айғайды ұлың,
Басылмаған жыным бар!
Ең бiрiншi бокалымды
Сөздерiмдi əр сабақтап,
Қазақстан – мазақстан
Отанымды мадақтап,
Шаттық үшiн, мақтан үшiн
Iшем,
Iшкем бұрыннан
Қабылан жүрек қарттар үшiн
Мəскеудi өртеп жылынған!
Ал, екiншi шарапты алам –
Он жетiншi жылдары,
Төңкерiс деп далақтаған,
Болған соның құрбаны
Аңғал үшiн,
Өз қолымен
Бостандығын байлаған,
Жандар үшiн сөздерiмен
«Партия!» деп сайраған!
Ал, үшiншi тостымды мен
Туған жерден қуылған,
Ұлып ащы қасқыр мұңмен
Аштық жылы қырылған
Ел үшiн деп кемсеңдедiм,
Ыдысыма у құйып!
Сонда-дағы еңсем менiң
Бəз бiреуден тұр биiк!
…Қайран өмiр, қатыгезсiң,
Тартқан қатал сыйын ең.
Бүйткен сенiң атың өшсiн,
Деймiн-дағы күйiнем.
Мен сен үшiн көтеремiн
Төртiншi бұл бокалды –
Ел парызын өтеген ұл
Желтоқсанда қаһарлы!
Боялсаң да қызыл қанға,
Сүйрелсең де шашыңнан,
Мəңгiп дүние бұзылғанда
Елдiң даңқын асырған,
Құс ұшырмай өр басынан,
Таптатпаған намысын,
Қайыспаған қандас ұлан,
Айналайын, арысым!
Қан сорғалап, дала кезiп,
Қырғынды сол бiрге өткен,
Қарындасым, қара көзiм,
Басымды ием құрметпен!
Iшем бүгiн –
Өтедi мұң,
Құтты болсын жеңiсiң,
Бабасының қателiгiн
Түсiнген ұл, сен үшiн!
Ал, ең соңғы шарабымды –
Өзегiнде – от өлең,
Өмiрi ылғи алақұйын
Өзiм үшiн көтерем!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу