Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  80


Автор: Мәди Қайыңбаев

ӨЛЕҢ+ӨМІРЗАЯ

Алматыда алма бұрқап, көк гүлдеп,
Шарап қуып... шатақ өлең төктім көп.
Қадыр ағам қақты арқамнан қуанып,
«Өлеңдерің... айтары бар, өткір» деп.
О, өмірім, соншама өткір, сонша əрлі,
Өзіңмен-ақ тамсандырдым қаншаңды!
Тұман-ағам «О, енеңді... жақсы» деп,
Қуан-ағам «Классик!» деп тамсанды.
Аманхандар мұрнын шұқып, жар салды,
Қасымхандар таңды жылап қарсы алды.
Сонда да мен баспаппын ғой еңсемді,
Тізгінімді сəл-пəл тарта алсам-шы.
Арғымақты айдалаға бұрыппын –
Алматының кабактарын қуып мың –
Кеудемдегі емін таппай уыттың,
Шарамыга, шакал үшін туыппын!
Өлеңімді көкке ұшырып бағалар,
Енді, міне, қайда сол бір ағалар?!
Қасымхан ба... Аманхан ба... олар да
Оралмайтын жаққа ұшар да жоғалар...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу