Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  89


Автор: Мәди Қайыңбаев

АЙКЕЗБЕ

Жан едім ғой мен өзі заты бекем,
Бір ауруға шалдықтым аты бөтен...
Шаршағам ба... оянып кеттім тағы,
Шөмеленің үстінде отыр екем...
Қолымдағы күріштің сабағы ма,
Селк еттім... үн кептеліп тамағыма!
Орылған егістіктің ай астында
Келбеті көз сүрінер ала-құла...
Жүгірдім өзімді үйге алып қашып,
Бəрі... бəрі санама таныс та ашық!
Ай астында дəл осы танаптарда
Жүруші едік екеуміз қол ұстасып!
Өбуші еді... жұпарлы самал лебі,
Мұрын жарып дəн демі, сабан демі...
...Енді, міне, сен жүрген сол аймаққа
Сүйрелейді түн сайын санам мені...
Тайған да жоқ бойымнан күшім əлі,
Жүрегім жүк түскендей қысылады.
Жыл болды, жаным, солай аласұрып
Айкезбе ауруына ұшырадым!..
Сені ойлаумен қажыған ауыр күннен
Айықпастай дерт алып ауырдым мен.
Көңілімді бөлмейді əзілің де,
Бөлмейді дауыл, жауын, бауың мүлдем!
Есім жоқ... елесіңді аяладым,
Кеземін егістіктің маяларын.
Бірде жылап отырам жарқабақта,
Бірде тоғай ішінде оянамын!
Бірде өзімді қайғыға батырамын,
Бірде атыңды айқайлап шақырамын...
Бірде шыңырау түбіне үңілемін,
Бірде шатыр үстінде отырамын...
Бірде бауда жапырақ кешіп жүрем,
Бірде желдей далада есіп жүрем!
Əйтеуір шығара алмай өзіңді естен,
Жоғалтқанмын өзімнің есімді мен!
Тайған да жоқ бойымнан күшім əлі,
Жүрегім жүк түскендей қысылады.
Жыл болды, жаным, солай аласұрып
Айкезбе ауруына ұшырадым!..
Сөйлесем, тілге сені тиек етем,
Сүлдерімді елес боп сүйе бекем!
Жаңа білдім, мен сені, жаным сəулем,
Санасыз кезімде де сүйеді екем!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу