Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  97


Автор: Алмахан Мұхаметқалиқызы

ҰЛЫ ЖОЛ

I
Сарыарқа – сайын жолдың ғасыр кешкен нар ошағы,
Өткелiм тоғыз жолдың торабына жол ашады.
Ертiстiң сыр құлатып, сырғып аққан сыңқылымен
Жағада ерке қайың өткелiмнен аласа-ды.
Бұл өткел Құнанбайды Меккеге де алып барған,
Ақыннан қуат алған, ғалымнан сыр алып қалған.
Қазақтың ән атасы – Әмiресiн Семейiмнен
Парижге паром жолмен осы сапар алып барған.
Ән атасы – Әмiренiң дауысы
Тұрсынғазы, Дауылдармен ауысып,
Семейiмнен шартарапқа шарықтаған.
Абайым – қазағымның көгiндегi ой баласы,
Семейiм – алтын өзек тарихымның бай қаласы.
Үш елдi жалғап жатқан дәнекердiң көпiрiндей
Сәндi өткел, сен боларсың жақсылықтың жайнамазы.
Бұл өткел – батыр жортқан Қабанбай мен Мамай елi,
Әлемнiң таң жұлдыздай табындырған талай елiн.
Шоқанды Қашқария сапарына шығарып сап,
Қарсы алған мынау өткел бар өнердiң сарайы едi.
Аспалы өткел – бабам жүрген соқпағым,
Сәл аялдап, сәл басыңды и, тоқтағын.
Ей, адамдар! Ұлы жолдың өкiлдерi!
II
Ей, ғалам! Той төрiнен ал әнiмдi шашуыңа,
Елiмнiң ертеңiнiң арман сүйген жас ұлына.
Айнытпай ақ ниеттi асқақтата алып барып,
Жеткiз сен сәлемiңдi келе жатқан ғасырыңа.
Көш, керуен «Жiбек жолын» бүгiнiмен жалғастырған,
Өнердiң Отаны бұл шаңырағын алғаш құрған.
Жүректiң қантамыры сияқтанған өткелiмдi
Ешқандай қазынаңа алмастырман! Алмастырман!
Бұл тәуелсiз елiмiздiң өткелi,
Жолдар! Жолдар! Кiмдер жүрiп өтпедi?
Өткендердi еске ала жүр, ей, болашақ!
III
Туған ел туған ұлдың қайратына сенген едi,
Алаштың азаматы бүгiнгi елге ең керегi.
Сол арман орындалып Семейiмнiң хақ төрiнен,
Ертiсте алтыбақан әткеншек боп тербеледi.
Ақшамда маңдайыңда шырағдандар жағылады,
Ал күндiз ерке Ертiс өз алқасын тағынады.
Жiбектiң бұрымындай тарқатылған күре жолдар
Сәт сайын ағып жатқан машинасын сағынады.
Бұрымдарға шашбау болған жол басы,
Бабалардың ақ ниетi қолдасын,
Жолаушылар қызыр болсын жолдастарың!
IV
Қаншама жол,
Аңсаған жол
Өз соқпағын салады.
Iздер солай,
Күндер санай
Ғасырларға барады.
Ғасырлардан
Тосын қалған
«Елiм-айдай» жыр сынды.
Сансыз сұрақ
Толқынсырап,
Ертiс баяу күрсiндi.
Сен де өтесiң,
Мен де өтемiн,
Ол да өтетiн жол ұлы.
Жолмен келiп,
Жолмен кеткен
Адамдардың ғұмыры.
Үйрек-қаздан
Сиреп қалған
Толқын ұрып жағаны.
Арнасынан
Сауға сұрап,
Ертiс баяу ағады.
Ән Семейiм,
Нән Семейiм
Шығысымда көсiлген.
Ұлыңды да,
Қызыңды да
Осы жолдар өсiрген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу