Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  1606


Автор: Алмахан Мұхаметқалиқызы

КЛАСТАС ҚҰРБЫЛАРҒА

Көптен бері көңіл аңсап шөлдеген,
Жылдар салып кездесу бұл елменен.
Армансыз-ақ аралауға келіп ем
Айқыш-ұйқыш балалық із, жолменен.
Есіме алып ең қызықты шақтарды,
Сол балалық мәңгі есімде сақталды.
Кеше ғана сөмке арқалап жүргендер
Бүгін, міне, алды ата боп қалды.
Бәрі де есте сонау сәби шақтардың,
Қабағында жазулы тұр қарттардың.
Білмейтін ек парталастар бас қосса,
Күннің батып, таңның қалай атқанын.
Бәрі де есте бала күнгі оқиға,
Өмір өзі әрбір сәтті тоқиды.
Сол кездегі ұстаздардың біразы
Озған екен бұл фәниден бақиға.
Ең алдыңғы отыратын партада
Кластағы ең сүйкімді, ең таза
Шайзаданың Әйгерімі болатын,
Бәрімізден озат тұғын кермаза.
Кластағы бар баланың ұзыны
Ғабиттен соң тізілетін қыз-ұлы.
Соңғы жаққа жинап алып әркімді,
Таусылмайтын айтатұғын қызығы.
Отан біздің ортамызда әнші еді,
Гитарасы жан серігі, жаршы еді.
Мектепте өткен әрбір сәтті кештердің
Долдаевсыз таусылмайтын ән шегі.
Қара бала – Сәмет біздің салмақты,
Үндемей-ақ тындыратын жан-жақты.
Сөзге тартсаң, күле салып жүретін,
Бар-жоғы да білінбейтін ардақты.
Өмірғазы – бір кластың тентегі,
Ол отырса, бүкіл бала сел-себіл.
Бірдемені бүлдіріп ап, қипақтап
Тұратұғын «Қожаның» бір бөлшегі.
Қайран біздің ертегіші Советхан,
Сен едің ғой ортамызда өжет жан.
Бір ауылдың ақсақалы сияқты ең
Сағындырып бір ауылға кеп жатқан.
Марқұм Манас жігіттердің өрі еді,
Айтқанынан қайтпайтұғын сері еді.
Еркелеп кеп бұлқан-талқан қуырса,
Тұратұғын алдында бар керегі.
Бүгін жоқсың ортамызда, батырым,
Шара бар ма, әумин дейміз ақырын.
Отыз жылда қайта оралған сыныптас,
Саған арнап жырын жазып жатыр үн.
Арамыздан мәңгі бақи аттанған,
Он сегізде қыршын кеткен тәтті арман.
Күлпаш, сені қара жерге бергенде
Қабіріңе гүлден десте ап барғам.
Қыздың ең бір момақаны Наз еді,
Өзі де бір мәңгі жарқын жаз еді.
Амал қанша, ол да кетті ортадан,
Жазмышынан ерте талып өзегі.
Қайран Қайрат жігіттердің нары еді,
Кеудесінде өнер нұры бар еді.
Ол да кетті. Жақсыларға келгенде
Дәм тұзы аз дүние неткен тар еді?..
Қыз мінезді Қызырхан сол кешегі
Сол баяғы момын қалпы деседі.
Ұстаздардың мақтауынан түспейтін,
Мейірімді, мақұлды еді, көшелі.
Орта бойлы ортан қолдай Күміс қыз,
Шынашақтай Күпан да бір дұрыс қыз.
Ештемемен жұмысы жоқ, алаңсыз
Келіп-кетіп жүретұғын дұрыс қыз.
Еділ еді жігіттердің мырзасы,
Талайлардан озық еді бір басы.
Семей жақта дараланып оқшау жүр,
Кейбіреуге елес болып тұлғасы.
Ұл ішінде нәзік еді Аманы,
Тақыр басы – шертпектердің қамалы.
Парта үстіне қарғып шығып кететін,
«Әйт» деп қалсаң, жерге тимей табаны.
Роза менен Рая жұбын жазбайтын,
Сыныптастан не қалмайтын, озбайтын.
Қалқып қана жүзетұғын айдында
Арманға әуес қосақ қоңыр қаздай-тын.
Бір кластың әртісі еді Мишан қыз,
Мишан қызға ән сал, мейлі, үй салғыз.
Барлығының тілін түгел табатын,
Өжет еді, өткір еді қисар қыз.
Ғазиз бала – жігіттердің көркемі,
Мектептегі талай қыздың дерті еді.
Дарыны да дара қылып тұратын
Сыныбымның титтей ғана бөлшегі.
Қошақан қыз – Уалиева Жания,
Жүрегі де, тілегі де жария.
Оқуда озат, ақ көгершін арқылы
Шет елдерден хат алатын бар ие.
Ләззат қыз сүйкімді еді, сабырлы,
Өзіне тән мінезі бар жағымды.
Ат терлетіп алыс жаққа бармай-ақ,
Жар ғып алды Ербол сынды сары ұлды.
Жабайылдың Ербол ерке баласы,
Бір ақынның көздерінің қарасы.
Шынашақтай сары ұл еді класта,
Ләззатты алып ұзарғанын қарашы.
Кіп-кішкентай ақынжанды Орысбек,
Жүретұғын «Өлеңіме болыс» деп.
Ақын болсам деп жүретін сол қара ұл,
Бүгін бізбен талай сырды бөлісбек.
Гүлбану қыз – кластың ең үздігі,
Таласушы ек дос болуға үздігіп.
Бүкіл класс соны үлгі етуші ек,
Айтса айтқандай сонда бүкіл қыз-қылық.
Нұрғиса мен Зейнехан да ауылда,
Жар боп алған екеуі екі тау ұлға.
Қуанышбек, Ерболаттар қайда екен
Бақ сыйлаған ата-ана, бауырға?
Ақкөңілдің алды бар да, арты жоқ,
Гүлжамал мен Марзиялар жарқын от.
Бірді-бірге жалғастырып жүретін
Құрбылардың алды, кейде арты боп.
Есен менің көршім еді парталас,
Маған жақын отырса да қанша бас,
Сатирамен шымшып-шымшып сөйлейтін,
Қазір қайда жүр екенсің, әй, сабаз?
Өткір еді Тастанбектің Болаты,
Болат келсе, кіл қызыққа толады.
Балуан жігіт балпаң басып жүретін,
Қажет болса досқа жанын салатын.
Секен біздің сағатпенен жүретін,
Іскерліктің есебін де білетін.
Заманына лайық еді сол кезде,
Керек болса түренді де түретін.
Есейгенде бізге келген ақ маңдай,
Ер жүректі екі иығы қақпандай
Еркін бала еркін жүрсе ортада,
Сезінеміз тойға келе жатқандай.
Мәңгі есімде сыныптастар аттары,
Қалай оқып, қалай тайға шапқаны.
Біз едік қой өртеңге өскен көк құрақ,
Жарбұлақтың сондай азаматтары.
Өткенді біз қазбалаймыз несіне,
Игіліктің ертесі не, кеші не?
Ауылыма, Алакөлге келгенде
Баяғыдай түсер бәрі есіңе.
Содан бері қаншама жыл өтті алдан,
Талай-талай орындалды отты арман.
Бүгін мынау бозғылт тартқан шаштарға
Ана қолы тимегелі көп болған.
Қазір біздің есейгенмен әліміз,
Кеп тұрамыз туған жерге салып із.
Біреулерге пана болып жүрсек те,
Балапандай екенбіз ғой әлі біз.
Елім менің ақтарылған жүз құшақ,
Тілек тыңдап, сыр шертісер ізгі сәт.
Бала көңіл жер қадірін біле ме,
Бет-бетімен кеткен бәрі біз құсап.
Сол құрдастың мен де бірі тең жүрген,
Тұлпар жырды ерттеп алып келдім мен.
Туған жерге мүсін жасап сөзіммен,
Естелік қып өлеңімді өрдім мен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу