Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  95


Автор: Алмахан Мұхаметқалиқызы

Мен өзiмдi өзгеше күйге бөлеп...

Мен өзiмдi өзгеше күйге бөлеп,
Ешкiмнiң еншісiне тимеген ем.
Бiр ашуға берiлсем, жанып түсем,
О, құдiрет, мен неткен күйгелек ем?
Қайшы тiрлiк таусылған қашан менiң,
Мұңыма бiр тамшы мұз қосар ма едiм?
Бiр жыласам, егiлiп қоя алмаймын,
О, жасаған, мен қандай босаң едiм?!
Еңсе басып, езiліп ойдағы мыс,
Жасалып жатқан сынды айда қылмыс.
Қалам алсам, жырды ерттеп мiнiп алам,
Жаратқан-ау, мендегi қайдағы күш?
Шаттансам, шалқып кетем көкке сүңгiп,
Бiрақ, қайдам, шаттыққа шектесiн көп.
Тағдырым қуанышымды шектеп берген
Бақыттан басы айналып кетпесiн деп.
Қайтсем екен мендегi сағынышты,
Жүрегiм жырға қарай алып ұшты.
Тұтанса, бiр-ақ жанып кететұғын
Мендегi сезiмдердiң бәрi күштi.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу