Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  97


Автор: Алмахан Мұхаметқалиқызы

Ақын – күй

Ақындық күй!
Ақын тiрлiк!
Мен сен үшiн ауылдан бездiм,
Кiсiкиiктей жападан-жалғыз күй кешiп.
Даланы кездiм,
Қаланы кездiм,
Өлең-өнердi тамырға нәр ғып, тiлдесiп.
Сенiң буыңмен
Оңаша iздеп ой бақтым,
Түндердi түртiп,
Сезiмдi тiлмен сайраттым.
Қасиеттi де,
Киелi қара өлеңге
Бағымды да әкеп,
Сорымды да әкеп байлаппын.
Ғашықсыз ғалам,
Сендегi мынау тектi ойдан,
Қызыл тiлiмнiң қызығына кiм шек қойған?
Босана алмай
Ақырзаманның ғасырын,
Бейопа жалған
Ұлы сезiмдi жеп қойған.
Ей, ақын-ғұмыр!
Сендегi қысқа тiрлiктi
Өлеңмен келдi ұзартқым.
Айшықты ойдан
Айдың да жүзiн қызарттым.
Жер бетiндегi барлық ақынның тағдырын
Қып-қысқа қылып,
Сорға байлаған мұзарт күн.
Ақын ғұмыр!
Далаға лақпа! Ақырма!
Шырмауық гүлдей
Торынды құр да, жақында!
Артық-кем емес,
Жазыл да мына маңдайға,
Раушан гүл бол,
Тырнағыңды ендi батырма!
Жырдың тұяғын
Орынды жерде сермеп қал.
Тек, өтiнемiн, шатылма!
Ақындық!
Сен падишасыcың мәрт сырдың.
Ақындық арман,
Сабырды саған тапсырдым.
Күлкi ақымақ
Адастырған соң күнiмдi,
Түннiң көңiлiн аулай алмадым,
Шарт сындым.
Ей, ақын тiрлiк!
Өнер iшiнде ең сормаңдайы өзiңсiң.
Шыңғырып жүрек,
Қорлығын айтар төзiмсiң.
Оймен оңаша,
Дәптермен ғана сырласып,
Күмбездi түннiң
Моншағын терген сезiмсiң!
Сенiмен ғана
Болашақ келiп өмiрге,
Сенiң үнiңмен
Тағдырлар тыныш көз iлсiн.
Қарашықтарға ноқат боп қалған
Сенiмсiң!
Ертерек кеткен
Ертеңi бөлек ақындар
Мынау жалғанның бар мейiр тiлiн сезiнсiн!
Ақын тiрлiк!
Сен – сенiмсiң!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу